Мәзір
14 қаңтар 2021
3 мин
3355
Жариялаған: Бердібек Хабай

ҚазАТУ ғалымдарының құс саңғырығын органикалық биотыңайтқышқа айналдыру тәсілі отандық фабрикаларда сәтті енгізілуде

ҚазАТУ ғалымдарының құс саңғырығын органикалық биотыңайтқышқа айналдыру тәсілі отандық фабрикаларда сәтті енгізілуде

Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде құс саңғырығын қайта өңдеуге арналған заманауи микроорганизмдер биотехнологиясы зертханасы жұмыс істеп тұр. Аталмыш зертхана 2017 жылы құрылған. Бұл жерге 125 литрлік автоматты ферментер мен жалпы көлемі 1000 литр болатын биореакторлар орналастырылған. Бұл технологиялық кешеннің артықшылығы – зертхана айына 5000 литрге дейін Agro-MIX, Compo-MIX және Agrarka брендті сұйық биологиялық өнімдерді өндіре алады.

2017 жылы биология ғылымдарының докторы, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың топырақтану және агрохимия кафедрасының профессоры Науанова Айнаш Пахуашқызы биотехнологиялық зерттеу саласындағы ғылыми әзірлемелерді коммерциализациялау үшін Дүниежүзілік банктің грантын жеңіп алған болатын. Осылайша «Өнімі мол инновациялық жобаларды ынталандыру» жобасы аясында «BIO-KATU» ЖШС стартап-компаниясы құрылды. Кіші жобаның атауы – «Отандық биологиялық жаңа өнімдерді қолдана отырып құс саңғырығын органикалық биотыңайтқышқа айналдыру және өсімдік шаруашылығына енгізу».

«BIO-KATU» ЖШС ауылшаруашылық, құс және мал шаруашылығында шығарылатын қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу мәселелерін ғылыми тұрғыда шешу мақсатында құрылды. Осылайша  биотехнология саласындағы отандық технологияларды әзірлеуге және енгізуге бағытталған инновациялық стартап-компания ретінде жұмысқа кіріскен. Қазіргі таңда іске асырылып жатқан кіші жоба шеңберінде «БИО-KATU» ЖШС-нің дамуы ерекше қарқын алып отыр. Бұл тиімділігі жоғары микроорганизмдер негізінде құрылған биологиялық өнімдерді қолданып құс саңғырығын органикалық тыңайтқышқа айналдырудың технологиялық процесі.

«BIO-KATU» ЖШС зертханасында тек биологиялық өнім өндіруге ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулер жүргізуге қажетті барлық негізгі микробиологиялық жабдықтар бар. Атап айтатын болсақ, орардың қатарында биологиялық қауіпсіздік шкафы, микроорганизмдерді өсіруге арналған термостаттар, автоклавтар, түтін сорғыш, дистиллятор, аналық тіндерді өсіруге арналған аппарат, дисплей шкафтары, микрофильтрациялық модулі бар мұздатқыш, кептіргіш, колониялық есептегіш, аналитикалық таразы, микроскоп, түтін сорғыш, бактерицидтік шамдар, дайын биологиялық өнімді сақтауға арналған тоңазытқыш, сонымен қатар зертханалық жиһаз қойылған. Сырттай қарағанда зертхана көздің жауын алады. Ал мұндай таза, әрі толық жабдықталған кешенді зертханада жұмыс істеу кез келген зерттеуші мен ғалымның арманы, дейді Айнаш Науанова. 

Рас, зертханаға кіргенде шетелдік әлемге тап болғандай күй кешесің. Мұнтаздай.

Зертханада айына 5000 литр биологиялық сұйықтық дайындаса, олар қайда және не нәрсеге жұмсалады деген сауал туындайтыны рас.

Ғалым Айнаш Науанова 2017 жылы өзінің ғылыми зерттеулері нәтижесін дүниежүзілік банк жариялаған грантқа ұсынғаннан кейін банк өкілдері ғылыми жобаны нәтижелі деп табады. Осылайша зертхана жасақтауға қаражат бөлуге келгенде өнімді жүзеге асыратын жерді табу керектігі алға тартылады. Айнаш Науанова елорда іргесіндегі құс фабрикаларын жағалайды. Барлық талаптарға сай келетін және жер аумағы да, техникалық мүмкіндігі де бар «Ақмола-Феникс» АҚ оңтайлы деп танылып, кәсіпорын басшылығымен келісім жасалады.

Нәтижесінде Ақмола облсының аумағында орналасқан «Ақмола-Феникс» АҚ құс фабрикасының аумағында 4,8 га қоқыс полигоны салынды. Полигон аумағы арнайы ауылшаруашылық техникалары арқылы дайындалып, құс саңғырығы мен астық сабақтары (сабан) даярланады. Осылайша құс саңғырығы Германиядан әкелінген BACKHUS A36 араластырып ұсақтағыш техникасының күшімен арнайы зертханада дайындалған Agro-Mix, Compo-MIX және Agrarka биологиялық өнімдерін қосып өңделеді.  Техника арнайы жал қатарлар жасап шығады. Сондай-ақ оны одан әрі жүзеге асыру мақсатында дайын органикалық тыңайтқыштарды буып-түюге арналған көлбеу таразы лентасына жіберіледі. Қазіргі таңда Ақмола облысының құс фабрикаларында «Ақмола-Феникс» АҚ мен «KAZGER-ҚҰS» ЖШС, «ADMI nvestment» ЖШС-де отандық биологиялық өнімді қолдана отырып құс саңғырығын органикалық тыңайтқышқа айналдыру технологиясы толығымен енгізілген.

Бір айта кететін жағдай, осы уақытқа дейін құс фабрикаларынан шығарылған саңғырық көң, полигондарға төгіліп келген. Қазір де еліміз бойынша көп шаруашылықтар құс саңғырығын бұрынғы әдіс бойынша далаға төгуде. Бір өкініштісі, қоқыс ретінде далаға төгілген сол үйінділердің табиғи жолмен топыраққа айналуы үшін көп уақыт кетеді және ауаға түрлі улы ғаз тарап, экологияға аса үлкен мөлшерде зардап келуде. Мұны ескеріп, елеп жатқан өндіріс орындары жоқтың қасы.

Енді қараңыз, құс саңғырығынан дайындалған мол өнім, қара топырақ құрамында өсімдікке қажетті минералдар өте көп. Тіпті мұндай топырақпен алқапты бір рет тыңайтқан шаруашылықтың өнім алу мүмкіндігі екі есеге дейін артады.

« – Шамамен еліміздің орталық және солтүстік өңірінде бидай өсірумен айналысатын шаруашылық бұған дейін гектарына 12-14 центнер өнім алған болса, тыңайтылған топырақ себуден кейін әр гектарына 18-20 центнер өнім алуы ықтимал. Бұл ғылыми шындық. Мысал ретінде айта кететін болсақ,  құс саңғырығын пайдаланып, химиялық тыңайтқыштан бас тарта бастаған Германия мен Канада елдерінің шаруашылықтарынан алынатын өнім көлемі біздегі ең мол өнім жинайтын шаруашылықтан 2 не 3 есе артық. Қарапайым ғана мысал ретінде айтатын болсақ, өзіміз күнделікті гүл өсіру үшін дүкендерде полиэтилен қалталарға салынған қарашірік топырақ түрлерінің құрамында құс саңғырығынан әзірленген өнім молынан кездеседі. Сондықтан отандық өнімдерімізді де дәл сондай қолжетімді деңгейге жеткізуіміз қажет», – дейді ғалым.

Ізденімпаз ғалымның еселі еңбегі елеусіз қалмады. Айнаш Науанованың бастамасымен ашылған «БИО-KATU» ЖШС «Мемлекеттік бюджетке қосқан үлесі» бойынша Қазақстан Республикасы кәсіпорындары арасында 6-шы (алтын) орынға ие болды. Сонымен қатар, 2019 жылы республикадағы ең үздік салық төлеушілер рейтингінің лауреаты болып табылған екен.  Бұл аз десеңіз, биотехнология саласындағы зерттеулер мен эксперименттік әзірлемелер» зерттеу нәтижелері бойынша өткен жылы «Индустрия көшбасшысы-2020» атағын жеңіп алды.

Демек, ғылыми жобаларды коммерцияландыру арқылы мол қаражат тауып қана қоймай, мемлекет пайдасына да қомақты үлес қосуға мүмкіндік мол.

World of NAN редакциясы біздің порталда осыған дейін аталмыш зертхана жайлы видеосюжет жарық көргенін естеріңізге салады. Төмендегі сілтеме https://www.youtube.com/watch?v=d6m_5hMCyNw бойынша өтсеңіз, ғалымдардың жұмысымен танысып қана қоймай, биотыңайтқыш дайындау процесін өз көздеріңізбен көре аласыздар.

Обсуждение

0 моментарии