Мәзір
24 қыркүйек 2019
4 мин
17146
Жариялаған: Димаш Дүйсен

ХІХ ғасырдың аяғында Оңтүстік Қазақстандағы егіншіліктің дамуы

ХІХ ғасырдың аяғында Оңтүстік Қазақстандағы егіншіліктің дамуы

Егін шаруашылығы. Ежелден Оңтүстік өлке көкөніс пен жеміс-жидектің Отаны атанып кеткені тегін емес шығар. Мал өсіру мен егін егуді қатар алып жүрген оңтүстіктегі ағайындар еңбек-ата, жер-ана екендігін ежелден ақ дәлелдеп берді.

Археологиялық ескерткіштердегі егіншіліктің іздері Сыр бойында ертеде отырықшылық мәдениет болғанын дәлелдейді. Археологтар Сырдың төменгі ағысы бойында жүргізген зерттеу барысында дәндер мен астық қамбаларының орнын тапқан. Ғалымдардың жазбаларында Сыр бойында егіншіліктің қалыптасу тарихы тереңге саяды деген пікір бар.

Сыр бойында егіншіліктің кәсіп ретінде кеңінен өріс алуы ХІХ ғасырдың орта кезінде басталады. 1865 жылы «Санкт-Петербургские ведомости» басылымында жарияланған мақалада Сырдария қазақтарының отырықшылыққа ауысуына Перовскіде форттың салынуы әсер еткен деп көрсетілген.  Бұл кезеңде егіншіліктің біршама кең өріс алған жері осы Сырдария өңірі болды.

Мәселен 1900 жылғы есеп бойынша Шымкент уезіне қарасты Сырдария облысында 329 мыңнан астам адам тұрған. Жергілікті халықтың иелігінде 123 мың жылқы, 80 мыңға жуық түйе, 3 миллионға жуық қой мен ешкі, 111 мың ірі қара мал болған. Сонымен қатар халық санағымен қатар бидай, жүгері, сұлы егілген жерлердің санағы да жүргізілген. Демек, мал шаруашылығымен қатар бұл өңірде егін шаруашылығы да бірге дамып отырғандығын байқауға болады. Тіпті 1894 жылғы есеп бойынша Шымкент уезінің Сырдария облысы егістіктен мол өнім алып, 20 пұт жүгеріден 200 пұт өнім алған. Арпа мен бидай өнімділігі де жаман болмай, әр егілген пұттан он есе көп өнім алынған. Климаттық жағдайдың жақсы болуы шаруаның еңбегін ақтап, 1895 жылы 40 пұт егілген жүгеріден 12 мың пұт өнім алынған. Сонымен қатар кортоп, дәнді-дақылдар, көкеністер егу де қолға алынған. Сыр бойының қазақтары қауын, қарбыз өсіргендігі жайлы мәліметті әскери статистикалық кітаптардан кездестіруге болады. 

ХІХ ғасырдың орта шенінде қазақтардың көрші отырықшы халықтармен және орыс қоныстанушыларымен мәдени-экономикалық байланыстарының күшеюі, қазақ егіншілігінің дәрежесі мен аумағына, көршілерден агрономиялық тәсілдерді үйренуіне, егіншілік дақылдарын таңдауына, егіншілік өнімдердің шаруашылық және басқа мақсаттарға орынды пайдалануға айтарлықтай әсер етті. Мал апатына соқтыратын індеттердің, жұттың болуы мал шығынын арттыра түсті, малы азайған қазақтар көшпеліліктен қол үзіп, егіншілікпен айналысуға мәжбүр болды.

Сыр өңіріндегі егіншіліктің қалыптасуы жайында Альберт Макшеев өзінің «Описание низовьев Сыр-дарьи» еңбегінде: «Сырдария қазақтары егіншілер мен көшпелілерге бөлінеді. Егіншілік құралдары қарапайым, ағаш және темір соқалармен жер жыртады. Егінді орақпен, қолмен жинайды. Жылқы, өгіз көмегімен тас диірменде дән тазартылады. Перовск форты мен Жөлек аралығында су және тас диірмендер кездеседі. Сыр өзенінің төменгі ағысы бойында арпа, сұлы, тары, қызыл жүгері, ақ жүгері және қауын, қарбыз өсіріледі»,- дей отырып, Сырдың төменгі бойында 2 мыңдай егінші шаңырағы барын көрсетеді.

Сыр қазақтары тары егуге ерекше мән берген. Тары өнімді жақсы берген, әрі аса ерекше күтімді қажет етпейтін өнім. Жазда жеті ретке дейін суарған, өнімнің өсуі 80 күнге созылған. Арпа мен бидай өсіру ісі ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қарқындай бастады. Оған орыс қоныстанушыларының да келуі әсер етті. Арпа мен бидайдың пісіп, өнім беруі 100 күнге созылған.

Қорыта айтқанда, ХІХ ғасырда Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы ертедегі су желісі, арықтардың іздері, қала-қоныстарда сақталған астық қоймаларының іздері бұл өңірде ертеде егіншіліктің дамығанын дәлелдейді. Моңғол шапқыншылығы кезінде Сыр бойындағы ежелгі қалалардың қирауы, қала тұрғындарының егіншілік кәсібін де құлдыратқан; кейінгі орта ғасырлардан бастап егіншілік қайта жанданып, Перовск және Қазалы уездерінде егіншілік мал шаруашылығымен қатар дамыған кәсіп болды. Егіншілікпен көбіне жазда жайлауға көшпей қалған малы аз ауылдар ғана айналысқан.

Обсуждение

0 моментарии