Мол өнім алам десеңіз, топырақ құнарлы болуы керек дейді біз бүгін сұқбат құрған маман. Ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарын сынау жөніндегі Ақмола облыстық инспектурасының басшысы Данияр Тұрғынбаевтың айтуынша егін шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру үшін топырақты тыңайтып, өндірістің озық технологиясын енгізіп, жерді химияландырып, яғни тыңайтқыштарды пайдалана отырып егістік жерлердің құрылымын жақсарту арқылы қол жеткізуге болады.
Кеңес үкіметі тұсында топырақ құнарлылығын арттыруға ерекше мән берілген. Тіпті Кеңес Одағында 1986 жылы елді жаппай тыңайтқыштармен қамтамасыз етіп, жерді құнарландыру шарасы жүргізілген. Алайда бүгінгі таңда топырақ құрамында фосфор мен азот тапшылығы қатты байқалуда. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде топырақтағы азот пен фосфор жеткілікті болғандықтан, алғашқы екі-үш жыл жақсы өнім берген болса, одан кейінгі жылдары мол өнім алу күрт төмендеп кетті. Бұның басты себебі топырақтың құрамындағы минералдардың азаюы.
Кейінгі кезде Қазақстан егіншілігіндегі күрделі экологиялық жағдайларды ескермеу салдарынан топырақ құнарлылығы, оның ішінде қарашірінді 25-35 пайызға кеміген. Себебі, топырақтың агрохимиялық және агрофизикалық жағдайы нашарлап, топырақ нығыздалып, эрозияға ұшырап, еліміздің көпшілік аймақтарының топырақ экологиясы бұзылған. Құнарлылығы төмендеген, ластанған жерлер көлемі республикада 85-90 млн. гектарға жетіп отыр. Олардың құнарлылығын қалпына келтіру үшін әртүрлі құнарландыру шараларын қолдану қажет деген пікірде мамандар.
Қазақстанның егістік жерлерінде соңғы 15-20 жыл аралығында құрамында кальций катионы бар минералды тыңайтқыштарды жеткіліксіз мөлшерде пайдаланғандықтан топырақ құрамындағы кальцийдің мөлшері сумен шайылып, өсімдіктермен шығындалу нәтижесінде азайып кетті. Сондықтан, көптеген жерлерде топырақтың сортаңдануы кең көлемде орын алуда. Топырақ құрамындағы кальций мөлшерінің азаюынан, оның құрылымы нашарлап, топыраққа су тиген кезде батпаққа, ал кепкен кезде тілім-тілім болып жарылатын қатты кесекке айналады.
Аграном мамандарының пікіріне сүйенсек, топырақтағы азот, фосфор, калий дәнді дақылдардың өнімділігін арттырады. Мысалы, 1 центнер бидай өсіру үшін топырақ өз құрамынан 4 келі азот, 1 жарым келі фосфор, 2 келіден артық калий жоғалтады екен. Ал оның орнын қайта толтыру үшін топырақты минералдарға бай тыңайтқыштармен үнемі өңдеп отыру керек. Өкінішке орай бүгінгі күні шаруалардың басым бөлігі топырақ құнарлылығын арттырумен айналыспайды. Себебі егістік алқаптары негізінен жалға беріліп, тек бір реттік пайда көзін ойлаған кәсіпкерлер тыңайту жұмыстарын қолданбайды. Қазақстан заңнамасына сәйкес әр 5 жылда 1 рет топыраққа агрохимиялық талдау жасалып, оның құрамын анықтау қажет. Кей жағдайда кішігірім шаруа қожалықтары агрохимиялық талдауды жасауға қауқарсыз. Оған басты себеп - қаражаттың ташылығы.
ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарын сынау жөніндегі Ақмола облыстық инспектурасының басшысы Данияр Серікұлының айтуынша қоректік заттардың нақты құрамы мен олардың белгілі бір егістік топырағында болуы туралы білмей, минералды тыңайтқыштарды қолдану көбінесе «ақшаны босқа шашуға» әкеп соқтырады. Сондықтанда әр бес жыл өткен сайын агрохимиялық талдау жасау маңызды. Мәселен, қазақстандық шаруалар бүгінгі күні «Сульфоаммафос» өнімін қолдануда. Өнім қазақстандық. Көктемгі егіс кезінде тыңайтқышты бидаймен бірге себу арқылы, топырақты минералдармен қамтамасыз етеді. Оның құрамындағы азот, фосфор, кальций мен магний өнімділікті 55 пайызға дейін арттырады. Сонымен қатар топырақты тыңайту үшін диқандар пар жыртқан уақытта фосфорға бай тыңайтқышты да қолданады. Оның күші 3-4 жылға жетеді екен. Алайда көрпесіне қарай көсілетін диқандар, бағасы неғұрлым арзан болғандықтан Ресей мен Өзбекстанның тыңайтқыштарын пайдалануға мәжбүр.
Ауылшаруашылығы дақылдарының сорттарын сынаудан өткізетін мекеменің қала сыртында өз егістік алқаптары бар. Тыңайған топырақпен құнарлылығын жоғалтқан топырақты тез айыруға болады дейді Данияр Серікұлы. Тіпті, қатарынан 4-5 жыл тыңайтылған топыраққа егін егу жақсы нәтижесін береді. Көктемгі егіс кезінде пар жырту, күзге жиын-терімнен кейін топырақты жыртып тастау (зябь) да тыңайтудың бір түріне жатады.
Көң
Мал шаруашылығымен егін егуді қатар алып жүрген шаруа қожалықтары көңді жиі пайдаланды. Мәселен, 40 тонна көң 10 гектардан артық жерді өңдеуге жетіп, ол 5-6 жылға дейін жақсы өнім береді деген пікірде. Көңнің құрамындағы азот топыраққа тез сіңетін көрінеді.
Көңді топыраққа сіңіргеннен кейін, ол микроағзалардың әсерінен минералданады. Көңнің құрамындағы көміртегінің үлкен бөлігі топырақта ыдырауының нәтижесінде көмір қышқыл газы күйіне дейін қышқылданады. Ал егер оның сіңіруге дейін ыдырау дәрежесі төмен болса, көмірқышқыл газы топырақта көп болады. Қоректік заттардың негізгі үш элементтерінің ішінде көңде калий көп болады.
Фосфор негізінен жануарлардан бөлінген қатты қалдықтарда және төсеніш ретінде пайдаланылған сабанда болады. Оның мұндағы мөлшері — 0,25 пайыз шамасында. Азот көңнің барлық құрамында болады. Көң мал қиынан алынады. Ал, фосфорлы және калийлі тыңайтқыштар химия өнеркәсібінде табиғи қазбаларды өңдеу арқылы алынады.
Топырақты құнарландырудың қандай әдіс-тәсілін қолданбасақ та Жер-Ана еңбек еткен адамды ешқашан ризықсыз қалдырған емес. Халық "байлықтың атасы - еңбек, анасы - жер" деп, бекер айтпаса керек. Бізден тілек диқандардың еңбегі еш кетпей, көктен иіп, жерден берсін дейміз!
Обсуждение