Мәзір
12 қыркүйек 2019
3 мин
64491
Жариялаған: Димаш Дүйсен

Тың игерудің салдары

Тың игерудің салдары

Тарих тек өткен туралы әңгіме емес, ол халықтың жады. Тарихты білу – болашақта қателіктер жібермеу үшін, өткен оқиғаларды қорытындылай отырып, одан сабақ алу үшін қажет.

Қазақстан тарихының жылнамасында әсіресе тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңі қатталып жазылып, халық жадында мәңгілікке сақталған. Тың игеру тарихта орны ерекше күрделі, де қиын мәселе болып табылады. Неліктен? Сол уақытта жүргізілген саясаттың қандай себеп салдары болды? Бүгінгі ұрпақ кеше мен бүгін арасындағы байланысты қалай түсінеді?

Ендеше, тарих қойнауын ақтарып, ескіні еске түсіріп, осы сұрақтарға жауап іздеп, Сіздермен бірге саралап көрейік.

Тың жерлерді игеру қарсаңындағы елдің жағдайы

Неміс әскерімен төрт жылға созылған соғыстан әбден қалжыраған халықтың рухын моральдық әрі материалдық тұрғыдан көтеру мәселесін шешу сол кездегі үкіметтің басты міндеті болды. Жалпы тарихи деректерде 1930 жылы КСРО-ның Егіншілік халық комиссары Я.А.Яковлев компартияның ХVІ съезінде сөз сөйлеп, онда Қазақстанда егін егуге жарамды 50-55 миллион гектар жер бар екендігін, соның 36 миллион гектары солтүстік өңірде деген болатын. Яғни тың және тыңайған жерлерді игеру 30-шы жылдары ойда жүрген мәселе болған деседі. Алайда сол жылдары үкіметтің қаржылық жағдайы жеткіліксіз болғандықтын, одан кейін екінші дүниежүзілік соғыстың басталып кеткендігінен бұл шаруа кейінге ығыстырылды.

Тың және тыңайған жерлерді игеру мәселесі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қолға алынды. Әуелі «ССРО экономикасын дамытудың жолдарын қарастыру» және «Мемлекетті азық-түлікпен қамту» деген бастама көтерілді. Осы мәселені шешу үшін 1950 жылы арнайы комиссия құрылды. Бұл комиссия 1952 жылы мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөліп, аталмыш мәселе 1953 жылы тамыз айында ССРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында талқыланды. Кешікпей осы жылдың 3-7 қыркүйегінде КОКП Орталық Комитетінің кезекті пленумы өтіп, астық өндіру жайын басты планға шығарып, мал шаруашылығы екінші планға шегерілді.

Тың жерлерді игеру науқаны

Осылайша, 1954 жылы өткен КОКП Орталық Комитетінің пленумы «Тың және тыңайған жерлерді» игеру жайлы шешім қабылдады. Бас хатшы Хрущев тарапынан астық өндіруде Американы қуып жетіп, басып озу жайлы ұран тасталды. Ол үшін Қазақстандағы 6,3 млн. гектар тың жерді игеру мақсаты қойылды. СОКП Орталық Комитеті үндеу тастап, күллі Совет халқын «Қазақстанның тың жерлерін игеруге» шақырды.

1954 жылы партияның Орталық комитетінде өткен Пленум шешімі бойынша Қазақстан, Сібір, Еділ мен Оралдың 43 миллионнан астам жеріне соқа жыртып, тың игеруді бастап кету туралы шешім қабылданды. Бұл  Қазақстан тарихында жаңа эппопеяның басталып, қазақ жеріне өзгеріс пен серпіліс әкелген шешім десек қателеспейміз. Сол кездері Үкімет басында тұрған Хрущевтің нұсқауымен  кең даладамыздың бос  жерлерін игеру жұмыстары басталып кетті.   Партияның ұрандатқан тапсырмасына жүздеген мың жастар мойын бұрып, қазақ жеріне 650 мыңнан астам өзге ұлт өкілдері көшіп келді. 1954 жылдың көктемінде қазақ жерінде ғасырлар бойы кетпен тимеген жерлерді Кеңес үкіметінің ұранымен басталған темір соқалары жыртуды бастап кетті.

Басқа ұлт өкілдерінің Қазақстанға келуі

«Тың игеру үшін» деген ұранмен 1950-ші жылдардың ортасында советтің түрмесінен босап шыққан 10 миллион адам (көбі басбұзар, қылмыскер) қазақ жеріне тайлы-тұяғымен түгелдей аттанды. Аз уақыттың ішінде 1,5 миллион адамды қаңбақша айдап әкелді. Соның салдарынан 1959 жылы халқымыз қарашаңырақ атамекенінде соры қайнап 30 пайыздан аспай қалды.  Көкшетаулық тарихшы-ғалым Қадыржан Әбуов тарихтың ақтаңдақ беттерінде мынандай деректер келтіреді: «Қазақстандағы тың жерлерді игеру идеясы тек экономикалық қажеттіктен туған жоқ. Ол патша үкіметінің колониалдық саясатын одан әрі жалғастыру шарасы болып табылады. Сол тұстағы Совет елінің басшысы Никита  Хрущев «тың эпопеясының» түпкі мақсаты жайлы: «Патша өзінің барлық әдістерін қолданып бұл аймақты (Қазақстанды айтады) ұзақ мерзім ішінде орыстарға толтыра алмаса, мен советтік тәсілмен бір демде толтырдым» деген пікірін білдіреді. Тың игеру арқылы астыртын саясат жатқанын осындай деректерден бірден байқауға болады. 

Тың игерудің Қазақстанға кері әсері

Тың игерудің алғашқы жылдарында Никита Хрущев қазақтарды жалқауға теңеп, жердің иесі емес екендігін айтқан сөздері де кейбір тарихшылар тарапынан жазылып жүр. Тың игеру жылдары облыстарда 700-ден астам қазақ мектебі жабылды. Қазақ өз баласын шалғайдағы мектеп интернаттарына жіберуге мәжбүр болды. Интернатта жатып оқыған балалар орысша тіл сындырып, біртіндеп мәдениет, тарих, салт-дәстүрді ұмыта бастады. Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жазбаларында «Тың игеру жылдары жер құнары азып, Кербез сұлу Көкшетаудағы сексен көлдің сәні кетіп, Сарыарқаның шалғыны жойылып, жайлауы жүдеді» деп жазды. Шынымен тың игеруге келген өзге ұлт өкілдері ата-бабамыз мәңгілік қоныс тепкен зираттар, кесенелер мен қорымдарды жыртып, қорлай бастады.

Тың игерудің Қазақстан үшін пайдасы

Алайда таяқтың екі ұшы болатындай, тың игеру нәтижесінде Қазақстан Кеңес Одағы мен Орталық Азиядағы ірі астықты өлкеге айналды. 1954-1955 жылдар аралығында ғана Қазақстан жерінде 337 совхоз ұйымдастырылды. Қазақстан Кеңес үкіметі алға қойған жалпы жоспардың 59 пайызын орындап, 6,5 миллион гектар жер игерілді. Қазақ ауылдарына бөгде атаулар берілді. Солтүстік аймақтағы ауылдар тіпті әлі күнге дейін орыс, украин атауларымен тұр. 1954–60 жылдар аралығында қазақстанда қанша гектар тың және тыңайған жерлер игерілді: Қазакстанда 25,5 млн гектар тың және тынайған тынайған жерлердің игерілді.

Шаңды боран

Тың игеруге келіп жатқан жастардың жақсы өмір сүрсек деген бір ғана арманы болды. 1960 жылға дейін Қазақстанда 25 миллион гектар тың жерлер игерілді. Алайда Кеңес билігі бөркін аспанға лақтырып қуануға әлі тым ерте еді. 1954-1964 жылдар аралығында Кеңес Одағының Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы Никита Хрущев өзінің естеліктерінде былай жазады: «Қазақстан жерінде миллиондаған жерді жыртып тастағаннан кейін адам шошырлық шаңды боран басталды. Қара жер аспанға ұшып, топырақ шаңға айналды»,- дейді ол өз естеліктерінде. 1960 жылдарға қарай Қазақстанның тың өлкелерінде 9 миллон гектар жер жел эррозиясына ұшырады. Бұл жерлерді қалпына келтіру үшін ғасырдан астам уақыт керек екендігіне ол кезде ешкім мән бермеді.

Жалпы тың игеру тақырыбы өз өзектілігін ешқашан жоймақ емес. Тарих әр кезеңді саралап, өз орнына қояды. Біз ашпаған тарихтың ақтаңдақ беттері әлі де көптеген зерттеуді қажет етуде. Алдағы зерттеу мақаламызда тың және тыңайған жерлерді игерудің пайдасы мен зияны жайлы толығырақ зерделейтін боламыз.

Обсуждение

0 моментарии